8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Берік Сәрменбаев ардақты аналарға арналған дәстүрлі мерекелік қабылдау өткізді. «Руханият» орталығында ұйымдастырылған шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, көпбалалы аналар, ақ жаулықты әжелер және түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.
Мерекелік басқосуда аудан әкімі аналардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, отбасы берекесі мен ел бірлігін сақтауда олардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет тарапынан аналарды қолдау бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарға да назар аударды.
– «Отан – отбасынан басталады» десек, әр шаңырақтың жылуы мен тірегі – Ана. Ана – тіршіліктің тұтқасы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел басына қиындық туған кезеңдерде аналарымыз бен аруларымыз қайсарлық танытып, ел тағдырына белсене араласқанын ерекше атап өткен болатын. Осындай асыл жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық, – деді Берік Сәрменбаев.
Сондай-ақ аудан басшысы қазақ тарихында есімі ел жадында сақталған Бегім ана, Домалақ ана, Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу, сондай-ақ батыр қыздар Әлия мен Мәншүктің ерлік жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сырдария ауданында да өнегелі өмірімен елге сыйлы болып жүрген аналар аз емес.
Жиында ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Өз кезегінде ардақты аналар Ұлмекен Жанәлиева мен Бексұлу Синаева сөз сөйлеп, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, аналарға арналған ақ тілектерін жеткізді.
Мерекелік қабылдау барысында бірқатар аналар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, сый-құрмет көрсетілді. Сонымен қатар бірнеше көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанды.







