Бүгін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудан көлемінде салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, нәзік жандыларды айтулы мерекемен құттықтады. Шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және ауданның дамуына үлес қосып жүрген ардақты аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі әйел-аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың отбасы берекесі мен ел бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің қоғам өміріндегі рөлі туралы айтқан пікірін еске салды. Президенттің айтуынша, әйелдер қауымы отбасы институтын нығайтып қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өндіріс, мәдениет, саясат, бизнес және өзге де салаларда үлкен үлес қосып келеді.
Аудан басшысы тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінде, сондай-ақ Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданы дамуы жолында әйелдер қауымының еңбегі зор екенін атап өтті. Бүгінде аудан халқының шамамен 40 мыңға жуық тұрғынының 51 пайызын әйелдер мен қыз-келіншектер құрайды. Сонымен қатар, ауданда 1633 көпбалалы отбасы бар. Олардың мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері. Мұндай ардақты аналардың елдегі демографиялық өсімге қосып отырған үлесі ерекше екені айтылды.
Жиын барысында аудан әкімі алда өтетін маңызды саяси оқиға – республикалық референдумға да тоқталды. Президент Жарлығына сәйкес, жаңа Конституцияға қатысты республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтетіні айтылды. Бұл елдің болашағын айқындайтын маңызды қадам екені атап өтіліп, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды.
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатты қорғау секілді қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілетіні, ал неке ер адам мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде айқындалатыны туралы да айтылды. Бұл дәстүрлі құндылықтарды қорғауға және әйелдердің құқықтарын нығайтуға бағытталған маңызды бастама екені ерекше атап өтілді.
Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйел-аналар мен қыз-келіншектерге облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды. Іс-шара соңында аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.






