Аталған акция 23 наурыз күні елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен басталып, су көздерін тазарту, бұлақтардың көзін ашу және өзен-көлдердің жағалауын абаттандыруды көздейді. Сонымен қатар, жүздеген су нысандарын түгендеу жоспарланған.
Шиелі ауданында өткен шараға «Қазсушар» мекемесінің жергілікті учаскесі, шаруа қожалықтарының өкілдері, индустриалды-аграрлық колледж студенттері мен еріктілер қатысып, 100-ден астам адам жұмылдырылды. Тазалық барысында өзен бойы тұрмыстық қалдықтардан аршылып, санитарлық жұмыстар атқарылды. Бұған қоса, аумақты көркейту мақсатында 150-ден астам ағаш көшеті егілді.
Шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың маңызын айта келе, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, осындай игі бастамаларға белсенді атсалысуға шақырды.
Сондай-ақ, аудан басшысы бұл акцияның су ресурстарын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және келешек ұрпаққа таза табиғи орта қалдыру жолындағы маңызы зор екенін жеткізді.







