Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары өңірдегі жаңа білім беру нысаны – «Құзыреттілік орталығының» жұмысымен танысты. Іссапар аясында халық қалаулылары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев орталықтың материалдық-техникалық базасын аралап, оның мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Жаңадан пайдалануға берілген нысан – екі қабатты, сәулеті заманауи талаптарға сай салынған, бір мезетте 1000 адамды қабылдай алатын ірі кешен. Жобаның ерекшелігі – оның қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылуы. Бұл бастама мемлекет қаржысын тиімді пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағалануда.
Орталықтың басты мақсаты – студенттер мен жас мамандарды халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына жүйелі түрде дайындау. Сонымен қатар, бұл мекеме сарапшылық қауымдастықты қалыптастырып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ықпал ететін бірыңғай оқу-жаттығу алаңына айналмақ. Мұнда жастар заманауи технологияларды меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады.
Орталықта кәсіби дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері жаңа форматтағы құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, тәжірибе алмасуға жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттырып, өңірдегі кадр даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтереді.
Сондай-ақ ғимараттың инфрақұрылымы тек оқу процесімен шектелмейді. Заманауи кешен республикалық және халықаралық деңгейдегі форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар мен көрмелер өткізуге толық бейімделген. Бұл орталықты өңірдің іскерлік және білім беру хабына айналдыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, өңірде білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. 2022–2025 жылдар аралығында бұл салаға 1 триллион 159 миллиард теңге бағытталса, 2026 жылы 302 миллиард 196 миллион теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда 43 жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, жастардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына берік негіз қалайды.







