Таза Қазақстан бағдарламасы аясында өткен «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде Сыр өңірінде ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев арнайы қатысып, Сырдария өзені жағалауын тазарту жұмыстарына қолдау білдірді.
Экологиялық акция Наурыз мейрамы қарсаңындағы Наурызнама онкүндігі аясында өткізілді. Бұл күндерде еліміздің барлық өңірінде тазалық, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар кеңінен қолға алынуда. Соның бірі – табиғи су көздерін қорғауға арналған «Мөлдір бұлақ» акциясы.
Шара барысында өзен жағалауы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортаға зиян келтіретін қоқыстар жиналды. Акцияға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар және еріктілер белсенді түрде қатысып, ортақ іске үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев өз сөзінде табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Наурыз мерекесі жаңа мазмұнда атап өтіліп, оның аясында экологиялық бағыттағы іс-шараларға ерекше көңіл бөлінуде.
– Табиғат – біздің өмір сүру ортамыз ғана емес, ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Оны қорғап, таза күйінде сақтау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Сондықтан мұндай акциялар тек бір күндік шара болып қалмай, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ ол әр тұрғын өз ауласының, көшесінің және туған жерінің тазалығына бейжай қарамауы керектігін атап өтті. Тазалық – мәдениеттің, жауапкершіліктің және елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі екені айтылды.
Жалпы, «Мөлдір бұлақ» акциясы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, табиғи ресурстарды сақтауға және халықтың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кең ауқымда жүзеге асырылмақ.







