Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуде ерекше белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары, сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне Президенттің Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісі табысталды.
Аймақ басшысы өз сөзінде жуырда елордада өткен жиында Мемлекет басшысының Конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталғанын атап өтті. Президент жаңа Ата заңның мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіруге үлес қосқан азаматтардың еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірген болатын.
– Бүгін біз республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан жерлестерімізді марапаттап отырмыз. Бұл – Сыр өңірі халқының бірлігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осындай қолдау бізге жаңа жетістіктерге жетуге серпін береді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Сейтқалиұлы сөз сөйлеп, референдумның ел өміріндегі тарихи маңызын атап өтті.
Еске сала кетейік, 15 наурыз күні өткен жалпыұлттық референдумға ел азаматтары белсенді қатысып, Қазақстанның болашағына қатысты маңызды шешім қабылдады. Кейін Ақордада өткен салтанатты жиында Президент жаңа Конституцияға және оны іске асыру жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, енді жыл сайын 15 наурыз Конституция күні ретінде ұлттық деңгейде аталып өтеді.








