Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Шиелі ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың құрылыс барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт болатын күн электр станциясының құрылыс алаңына барды. Жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге. Бұл еліміздегі «жасыл энергия» бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысанды іске қосуға дайындық жүргізілуде. Жоба пайдалануға берілген жағдайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Аталған жобаға инвестиция Қытайдың China Huadian Corporation Ltd халықаралық компаниясы тарапынан тартылған. Корпорация «Тесис» ЖШС-нің 100 пайыз құрылтайшысы болып табылады. Бұл екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің нақты нәтижесін көрсетеді.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Шиелі Әк» ЖШС-ның жаңа өндірістік жобасымен танысты. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын бұл зауыт жылына 1 млн тонна әк өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 20 млрд теңге. Зауыт іске қосылған жағдайда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда өндіріс орнының іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны өңірлік индустриялық картаға енгізу мақсатында қажетті құжаттар әзірленіп жатыр.
Кездесу барысында аудан әкімі жобалардың өңір экономикасы мен әлеуметтік дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстау жөнінде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.






