Қызылордада өңір басшылығы мен құқық қорғау саласы өкілдерінің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдарының жетекшілерімен, басқарма басшыларымен, жергілікті жоғары оқу орындарының өкілдерімен, профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен, сондай-ақ адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен пікір алмасты.
Кездесуде өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыру, құқық қорғау құрылымдарының кәсіби деңгейін көтеру, ғылыми орта мен тәжірибелік қызмет арасындағы байланысты күшейту мәселелері жан-жақты қаралды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елдегі құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызға жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізуді белгілеген. Жаңа негізгі заңда Ұлы Даланың тарихи мұрасы мен сабақтастығы көрініс тауып, мемлекеттің біртұтас құрылымы, шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығын қорғау мәселелері нақты айқындалған.
Аймақ басшысы еліміздің басты мақсаты – тәуелсіздіктің тұрақтылығын нығайтып, халықтың өмір сапасын арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын Конституция деңгейінде бекіту құқық үстемдігін қоғам өміріндегі негізгі құндылықтардың біріне айналдыратынын айтты. Оның пікірінше, бұл бағыттағы табысты жұмыс құқық қорғау саласындағы кадрлардың кәсіби даярлығы мен басқару мәдениетіне тікелей байланысты.
Сонымен қатар, ол өткен жылдың 30 желтоқсанында қабылданған «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңға тоқталып өтті. Аталған құжат құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтіп, профилактика жүйесін біріздендіруге бағытталған. Бұл, әсіресе, кәмелетке толмағандар арасындағы құқыққа қарсы әрекеттердің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және әлеуметтік қауіптердің алдын алу ісінде ведомствоаралық жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді.
Президент тапсырмасымен дайындалған «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы бүгінде барлық білім беру ұйымдарында іске асырылып келеді. Қазіргі таңда бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» құндылықтары негізінде жүзеге асырылуда.
Кездесуде сөз алған Нұрғалым Әбдіров академия құқық қорғау жүйесі үшін білікті мамандар даярлаумен қатар, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, оқу орнының түлектері құқық қорғау саласының кәсіби әлеуетін нығайтып, «Адал азамат» қағидатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда.
Жиында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, Қорқыт ата атындағы университеттің ректоры Наурызбай Байқадамов және академияның кафедра меңгерушісі Артур Баймаханов өз баяндамаларын жасап, қаралған мәселелер бойынша пікір білдірді.
Кездесу соңында облыс әкімі алдағы саяси кезеңде ел мүддесі үшін әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігі маңызды екенін атап өтті.
Іс-шара қорытындысында облыс әкімі, Құқық қорғау органдары академиясының ректоры, облыс прокуроры және облыстық полиция департаментінің басшысы кәмелетке толмағандар қатысатын құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында өзара іс-қимылды күшейту туралы келісімге қол қойды.







