Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда өткен «Құт-береке бастауы – Наурыз» атты мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пен аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, тұрғындарды әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Олар бұл күннің ел бірлігі мен жаңару символы екенін атап өтіп, өңірдің дамуына бағытталған жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Шара барысында ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар облыстық марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен ұйымдастырылып жатқан «Наурызнама» онкүндігі аясында ұлттық дәстүрлер кеңінен дәріптелді.
Мереке кезінде киіз үйлер тігіліп, халқымыздың салт-дәстүрлері насихатталды. Атап айтқанда, бесікке салу, тұсаукесер, беташар рәсімдері көрсетіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. Театрландырылған қойылымдар арқылы ұлттық мұра кеңінен таныстырылды.
Сондай-ақ, ақсақалдар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ баталарын беріп, ұрпақ сабақтастығын дәріптеді. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.







