Бүгін Қызылорда облысында маңызды инфрақұрылымдық жобаның басталуына арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға Нұрлыбек Нәлібаев, ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен ел ағалары қатысты. Жиында Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізі аясындағы Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңіне ресми түрде старт берілді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл бастаманың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл ел мен аймақ үшін тарихи маңызы бар жылдардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Сыр өңірінің соңғы жылдардағы даму қарқынына оң баға берген.
Облыс әкімі сондай-ақ Президент көлік-транзит саласын ел экономикасының стратегиялық бағыты ретінде айқындап отырғанын еске салды. Осы саясаттың аясында өңірде жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Мәселен, 2022–2025 жылдары облыстағы 1600 шақырым автомобиль жолы мен көшелерді және 30 көпір өткелін салу мен күрделі жөндеуге шамамен 150 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткен.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жол инфрақұрылымын дамытуға арналған 56 жобаға бюджеттен 37,8 млрд теңге қарастырылып, 136 шақырым жол мен бірқатар көпір өткелдері жөнделмек.
Жаңа басталған жоба – Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі жолды төрт жолақты етіп кеңейту. Жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде Қызылорда қаласының айналма жолы салынады. Оның ұзындығы 26 шақырым болады. Екінші кезеңде Қызылордадан басталып Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының сыртынан өтетін 462 шақырым жол салынып, ол халықаралық көлік дәлізіне қосылады.
Жоба аясында автожол бойында 11 көпір, 13 жол өткелі, 62 мал өтетін өткел және 399 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған. Сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушыларға арналған заманауи сервистік нысандар бой көтеріп, бұл шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді.
Жолдың техникалық санаты ІІ деңгейден І деңгейге көтеріліп, көлік қозғалысы едәуір жеңілдейді. Бұл өз кезегінде жүк тасымалының тиімділігін арттырып, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.







