Бүгін аудан көлемінде мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Өнер құдыреті – мәңгілік» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысқан тағылымды кешке мәдениет саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары, шығармашылық ұжымдар және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шара ұлттық руханиятты дәріптеген тағылымды көрмемен басталды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде ауданның мәдениет саласындағы жетістіктері кеңінен таныстырылып, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен концерттік бағдарламалардан алынған фотосуреттер, өнер ұжымдарының шығармашылық жұмыстары, сондай-ақ сала мамандарының әр жылдары иеленген марапаттары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені тамашалаған қонақтар аудан мәдениетінің даму жолымен танысып, өнер қызметкерлерінің тынымсыз еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Сәрменбаев мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел руханиятын дамытудағы еңбегіне ерекше тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет саласына берген жоғары бағасын атап өтіп, мәдениет – ұлттың рухани тірегі екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі» деп мәдениеттің қоғамдағы орнына айрықша мән берген болатын. Шын мәнінде, мәдениет – халықтың рухани болмысы мен ұлттық құндылығының айнасы. Сыр өңірінде соңғы жылдары мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Барлық аудандарда «Руханият» орталықтары ашылып, халық игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар, «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Достық үйі» ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл бастамалар ұлттық мәдениетті дамытуға тың серпін беріп отыр. Сондай-ақ, өңірде симфониялық оркестр, жастар театры, инклюзивті театр, хор және би ұжымдарының құрылуы – мәдениет саласына көрсетілген зор қолдаудың нақты көрінісі. Қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес жаңа драма театры мен Президенттік кітапхананың құрылысы жүргізілуде. Бұл – ел руханиятына жасалған үлкен қамқорлық. Ұлт руханияты жолында табанды еңбек етіп жүрген мәдениет саласының қызметкерлеріне аудан халқы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға шығармашылық табыс, толағай жетістік және сарқылмас шабыт тілеймін, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер марапат төрінен көрінді. Сала ардагерлері мен үздік мамандарға облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары, облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаты, сондай-ақ «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің марапаттары табысталды.
Сонымен қатар, мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ұлттық руханиятты дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен аудан әкімінің «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі салтанатты түрде табысталды. Бұл марапаттар – өнер мен мәдениетке адал қызмет еткен жандарға көрсетілген құрметтің айқын белгісі болды.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй, ұлттық және заманауи өнер үлгілері көрермен көңілінен шығып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер иелерінің орындауындағы патриоттық және лирикалық шығармалар кештің мазмұнын айшықтай түсті.
«Өнер құдыреті – мәңгілік» атты мерекелік кеш мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен руханият саласының маңызын айқындаған тағылымды әрі тағзымды шара ретінде есте қалды.








