Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық шарасына аудан ардагерлері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері мен аудан тұрғындары белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында орталық көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен аллеялар тазартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар көшелер бойын күл-қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызу, әктеу және санитарлық тазалық жұмыстарын атқарды.
Тазалық шарасына арнайы қатысқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев тұрғындарды ортақ іске жұмыла атсалысуға шақырып, қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы» деген болатын. Бүгінде өңірімізде елді мекендердің келбетін жақсарту, қоғамдық орындарды жаңғырту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Орталық алаңдар мен мәдени-демалыс орындары қайта жаңғыртылып, облыс көлемінде бекітілген дизайн-кодқа сәйкес барлық елді мекендердің сәулеттік келбеті жаңаруда, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар аудан әкімі аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан абаттандыру жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жаңа демалыс орындары мен аллеялар салынып, көшелерді жарықтандыру және көркейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Берік Әбдіғаппарұлы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару, сұрыптау және өңдеу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүйеленіп келеді. Қазіргі таңда аудан орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны тұрақты жұмыс жасауда.
Сондай-ақ аудан басшысы аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асқан жобаларға тоқталып, соңғы үш жылда «Үлгілі елді мекен» конкурсы аясында ауданның үздік ауылдық округтеріне 7 арнайы техника табысталғанын айтты. Бұл техникалар елді мекендердегі санитарлық тазалық жұмыстарын сапалы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Жиын барысында аудан тұрғындарының тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып келе жатқаны ерекше атап өтілді. Өткен жылы аудан көлеміндегі жасыл белдеулерге, кіреберіс жолдар мен ірі көшелер бойына 17 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Ал биылғы жылдың өзінде 11 мыңнан аса тал егіліп, көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
– Президент бастамасын қолдап, бірліктің туын жоғары ұстап, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бәріміз бірге атсалысуымыз қажет. Туған жерге жанашырлық таныту – әр азаматтың парызы, – деді аудан әкімі.
Сенбілік аясында ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, тазалық жұмыстарының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Ол ел бірлігі мен туған жерге деген жанашырлық – ұлттың басты құндылықтарының бірі екенін айтып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.
Жалпыхалықтық сенбілік аудан тұрғындарының ауызбіршілігі мен туған жерге деген қамқорлығын тағы бір мәрте айқындаған маңызды шара болды.









