Қазақтың қыз-келіншектері қай кезде де еңбекқорлығымен, іскерлігімен ерекшеленген. Бүгінде де сол үрдіс жалғасын тауып, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Шиелі өңірінің тұрғыны Маржан Абызбаева.
Кейіпкеріміз бала күнінен еңбекке ерте араласып, ауыл тіршілігінің қыр-сырын меңгеріп өскен. Бүгінде жолдасы Ермахан Малкаждарұлымен бірге түйе шаруашылығын дамытып, атакәсіпті жаңғыртып отыр. Алғашында ірі қара өсірумен айналысқан отбасы уақыт өте келе кәсібін түйе бағытына бұрған.
Бұл өзгеріске Маржанның денсаулығы себеп болған. Табиғи әрі сапалы шұбат табудың қиындығын көрген ол отбасымен ақылдаса келе түйе алуға бел буады. 2016 жылы алғашқы түйе сатып алынған. Кейін мал басы көбейіп, бүгінде толыққанды шаруашылыққа айналған. Қазір олар тәулігіне 40–50 литр шұбат өндірсе, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 100 литрге дейін жетеді.
Кәсіпкер үшін бұл тек табыс көзі емес, табиғи өнім арқылы халыққа пайда әкелу жолы. Таңғы мезгілден басталатын тынымсыз еңбек кеш батқанға дейін жалғасады. Үш мезгіл сауылған түйе сүті аудан орталығындағы дүкенге жеткізіліп, тұтынушыларға ұсынылады.
Шұбат – дәруменге бай, ағзаға пайдалы ұлттық сусын. Оның емдік қасиетіне сенген тұрғындар күн сайын таңсәріден келіп, кезекке тұрады. Тіпті өзге өңірлерден арнайы іздеп келетіндер де бар. Кейбірі жаңа сауылған түйе сүтін ішу үшін уақытша тұрақтап қалуды да әдетке айналдырған.
Сұраныстың жоғары болуы – өнім сапасының дәлелі. Тұтынушылардың айтуынша, табиғи шұбатты тұрақты пайдалану денсаулықты жақсартып, ағзаға сергектік береді. Осыған байланысты алдын ала тапсырыс берушілердің қатары да артқан.
Маржан Абызбаеваның айтуынша, табысқа жетудің басты кілті – адал еңбек пен табандылық. Бүгінде отбасылық кәсіпті дамытуға балалары да белсенді атсалысуда. Бұл – ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.
Ширек ғасырдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан отбасы ауыл кәсіпкерлігінің жарқын үлгісіне айналды. Табиғи өнім өндіріп, халыққа қызмет көрсетіп отырған олардың еңбегі көпке өнеге.
Расымен, береке – бейнеттің нәтижесі. Ал ұлттық кәсіпті заманауи талаппен ұштастыра білген жандардың ісі әрдайым құрметке лайық.








