Оқу жылының аяқталуына орай Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінде салтанатты іс-шара өтті. Жас түлектерге арналған мерекелік жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, мектеп бітіруші түлектерді жаңа өмір белесімен құттықтады.
Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауыл ардагерлері, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен мектеп оқушылары қатысты.
Мерекелік жиында аудан басшысы бітіруші түлектерге ізгі тілегін арнап, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді. Өз сөзінде аудан әкімі білім саласын дамыту мемлекет саясатының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деп атап өткен болатын. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде білім саласын дамытуға ерекше қолдау көрсетілуде. Жаңа дәуірде білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін барлық мүмкіндік жасалуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімі соңғы жылдары өңірде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, білім беру инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы нақты нәтижелерді атап өтті. Оның айтуынша, аймақта соңғы жылдары 45 жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар аудан бойынша балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі толық шешімін тапқан.
Сондай-ақ соңғы жылдары білім саласында 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған. Бұдан бөлек, «Қазақстан ұлттық қоры» есебінен 8 мектеп заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықталған.
Жиын барысында аудан басшысы ұстаздардың еңбегіне ерекше тоқталып, олардың кәсіби ізденісі мен табанды еңбегінің нәтижесінде аудан оқушыларының жетістіктері артып келе жатқанын жеткізді.
– Білікті ұстаздардың тынбай ізденуінің арқасында ауданымызда озат оқушылар саны артып келеді. 2025–2026 оқу жылында 82 оқушы облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда жүлдегер атанса, 16 мұғалім кәсіби байқауларда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл – білім саласы мамандарының жүйелі еңбегінің жемісі. Мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымына және сала ардагерлеріне аймақ басшысының шынайы ризашылығын жеткіземін, – деді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында шәкірттері жоғары жетістікке жеткен бірқатар ұстаз аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналар сөз сөйлеп, жас түлектерге ақжарма тілектерін арнады. Ақ батасын берген ақсақалдар мен ұстаздар түлектерге елге қызмет ететін білімді азамат болуға шақырды.
Өз кезегінде мектеп бітіруші түлектер де алтын ұя мектебіне, ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, мектеп оқушылары ән мен жырдан шашу шашты.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 8149 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 583 оқушы мектеп бітіреді. Қазіргі таңда 505 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Сонымен қатар мектеп бітірушілердің 53-і «Алтын белгіге», 70-і «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Салтанатты шара жас түлектердің естелік суретке түсуімен аяқталды.








