Сырдария ауданында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында түнгі рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Кезекті рейд барысында жауапты сала мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері аудан аумағындағы жастар көп шоғырланатын орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, орталық көшелер, саябақтар, ойын-сауық орындарының маңы, сондай-ақ ауданның шеткі көшелері мен тұрғындар жиі жиналатын аумақтар бақылауға алынды.
Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасында орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың жолын кесу. Сонымен қатар, рейд барысында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен заң талаптарын сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Түнгі рейдтер барысында анықталған жағдайлар бойынша тиісті түсіндіру шаралары жүргізіліп, қажет болған жағдайда заң аясында шаралар қабылданады.
Айта кету керек, Сырдария ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мұндай рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады.
Осыған орай, аудан тұрғындары мен ата-аналарды балалардың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына және бос уақытын қалай өткізетініне жіті назар аударуға шақырамыз. Өйткені өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы – баршамызға ортақ жауапкершілік.








