Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі 2017 жылғы 12 шілдеде бекіткен №347 бұйрығына сәйкес ел көлемінде жүргізіліп жатқан бастапқы әскери дайындық аясындағы оқу-дала жиындары Шиелі кентіндегі Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі базасында жүйелі түрде өткізілуде. 2026 жылғы 20 сәуірде басталған бес күндік жиын бүгінде шешуші кезеңіне жақындап, төртінші күннің бағдарламасы қарқынды өтті.
Оқу-дала жиынының басты мақсаты – жас буынның әскери-патриоттық рухын көтеру, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайда әрекет ету дағдыларын жетілдіру. Бұл бағытта 1-курс студенттері «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні шеңберінде саптық және тактикалық дайындықтарын тәжірибе жүзінде шыңдауда.
Кезекті оқу күні колледж аумағындағы арнайы жабдықталған саптық және тактикалық алаңда өтті. Сабақ барысында студенттер саптық тұрыс пен жүріс элементтерін қайталап, әскери сәлемдесу талаптарын жарғыға сай орындады. Сонымен қатар, болашақ сарбаздар қарумен жұмыс істеу машықтарын жетілдіріп, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және қайта жинақтау бойынша норматив тапсырды. Оқжатарды оқу-жаттығу патрондарымен жарақтау дағдылары да пысықталды.
Жиын барысында студенттердің тәртіпке бағынуы, командаларды нақты орындауы және әрбір қимылды дәлдікпен жүзеге асыруы ерекше назар аудартты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар жастардың тек физикалық дайындығын ғана емес, психологиялық төзімділігін де арттырады.
Оқу-дала жиынына қатысушылардың бойынан Отанға деген сүйіспеншілік пен әскери борышқа деген жауапкершілік айқын байқалады. Жастар бүгіннен бастап антқа адал болуға, ел қорғаны болуға дайын екендерін іс жүзінде дәлелдеуде.
Сала мамандарының пікірінше, мұндай кешенді дайындық жұмыстары – ел қауіпсіздігінің іргетасын қалайтын маңызды қадамдардың бірі. «Айбынды елдің – айбынды ұлы» қағидатын ту еткен жас буынның қатары осылайша нығайып келеді.







