Шиелі ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға ардагерлер, әскери қызметкерлер, құқық қорғау саласының өкілдері, зиялы қауым мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік шараның шымылдығы патриоттық рухтағы әндермен ашылып, жиналған көпшілік ел қорғаны болған азаматтарға ерекше құрмет көрсетті. Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, барша қауымды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
– Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – туған жердің тыныштығы мен елдің тұтастығын күзеткен ер азаматтарға көрсетілетін зор құрметтің белгісі. Отанға адал қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы. Батырлық пен батылдықтың символына айналған бұл мереке елдік пен ерлікті ұлықтайтын маңызды күн, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалуына тоқталып, бұл шешім Сыр өңірі үшін үлкен мәртебе әрі зор сенімнің айғағы екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің, бейбітшілік миссияларында ел намысын қорғаған әскери қызметкерлердің ерлігі ерекше құрметпен аталды. Жиналған жұрт олардың ел алдындағы еңбегіне тағзым етіп, өскелең ұрпақ үшін өнегелі өмір жолдарын үлгі ретінде бағалады.
Аудан басшысы Шиелі өңірінің де ел қорғанысын нығайту жолында өзіндік орны бар екенін ерекше атап өтті. Киелі топырақтан түлеп ұшқан Кеңес Одағының Батыры Георгий Ковтунов, генерал-лейтенант Құлахмет Қалменов, генерал Бекзатхан Асқаров, теміржол саласының генералдары Жақанша Ахметов пен Алтынбек Сейілханов сынды азаматтардың есімдері мақтанышпен айтылды. Олардың елге сіңірген еңбегі мен ерлік жолы бүгінгі жастарға үлгі екені тілге тиек етілді.
Жиында аудан жастарының әскери борышын өтеудегі белсенділігі де сөз болды. Биыл ауданнан 42 азамат әскер қатарына шақырылып, қазіргі таңда 114 жас сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргені айтылды. Бұл – ел қауіпсіздігі мен мемлекет тыныштығын сақтауға қосылған маңызды үлес екені атап өтілді.
Мерекелік іс-шара аясында қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелеріне көпшілік зор қошемет көрсетті.
Кеш барысында аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары патриоттық әндер орындап, әсерлі концерттік бағдарламаларын ұсынды. Әскери рухты көтеретін қойылымдар мен әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, бұл мерекелік кеш ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге бағытталған тағылымды әрі рухани маңызы зор іс-шара болды.







