Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен маңызды жиын өтті. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, әкім орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде қоғам үшін өзекті саналатын — инклюзивті саясатты іске асыру мәселесі қаралды.
Жиынды ашқан аудан әкімі бұл бағыттың мемлекеттік деңгейде айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауларында азаматтардың әл-ауқатын арттырумен қатар, қоғамдағы барлық топтарға тең мүмкіндік беруді үнемі назарда ұстап келеді. Осы ретте жергілікті деңгейде де жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу қажеттігі алға қойылды.
— Инклюзивті саясат — бұл тек әлеуметтік қолдау емес, бұл — қоғамның әр мүшесіне тең мүмкіндік беру. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасылар, қарттар және өзге де әлеуметтік топтар қоғам өміріне толыққанды араласуы тиіс. Ешкім шет қалмауы керек. Бұл — біздің басты ұстанымымыз, — деді Айтбай Жандарбеков.
Мәжіліс барысында аталған бағыттағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, білім беру, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым және қоғамдық ортада қолжетімділікті арттыру мәселелері қозғалды. Жауапты мекемелердің осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі баяндама Облыстық білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Насибеков тарапынан жасалды. Ол өз сөзінде білім беру саласында инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мектептердегі арнайы жағдайлар, педагогтардың даярлығы және ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау шаралары туралы баяндады.
Жиын қорытындысында аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, инклюзивті саясатты жүзеге асыруда формалды көзқарасқа жол берілмеуі керектігін қатаң ескертті. Әрбір мекеме өз бағыты бойынша нақты нәтижеге қол жеткізіп, атқарылған жұмыстардың сапасы мен тиімділігі басты назарда болуы тиіс екені айтылды.
— Біздің басты мақсатымыз — ауданымызда әрбір азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, — деп түйіндеді аудан әкімі.
Осылайша, жиында көтерілген мәселелер алдағы уақытта нақты іс-шаралармен жалғасып, аудан көлемінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жаңа серпін алмақ.







