Шиелі ауданында халықаралық маңызы бар автожол бойындағы санитарлық жағдай мен абаттандыру жұмыстары күшейтілуде. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойын аралап, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Іссапар барысында жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандар, жанармай құю бекеттері, түрлі қызмет көрсету орындары мен санитарлық тораптардың жағдайы мұқият зерделенді. Әсіресе, нысандардың тазалығы, сыртқы келбеті, аумақтың абаттандырылуы мен көгалдандыру деңгейіне баса назар аударылды. Сонымен қатар, жол жиегінде қоқыстың жиналуы, қалдықтарды уақытылы шығару мәселелері де назардан тыс қалмады.
Аралау кезінде аудан әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, белгіленбеген орындарға қоқыс тастауға жол бермеу, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, санитарлық талаптарды қатаң ұстану қажеттігін ескертті. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы — өңірдің экологиялық жағдайын жақсартудың басты тетіктерінің бірі екені атап өтілді.
Айтбай Жандарбеков кәсіпкерлермен тілдесу барысында нысан айналасының тазалығын сақтау тек талап емес, ортақ жауапкершілік екенін жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық маңызы бар автодәліз бойындағы қызмет көрсету сапасы мен нысандардың сыртқы эстетикалық келбеті ауданның имиджіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір кәсіп иесі өз аумағын күтіп-ұстауға және келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделі болуы тиіс.
Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, жүйелі түрде жүргізу тапсырылды. Көгалдандыру, жарықтандыру, жол жиегін ретке келтіру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі де ерекше атап өтілді.
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты — халықаралық автодәліз бойындағы санитарлық-экологиялық жағдайды жақсартып, тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл өз кезегінде ауданның тартымдылығын арттырып, өңірдің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етпек.








