Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, І жартыжылдық қорытындысы бойынша Майлытоғай және Сұлутөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Аталған кездесулер халықпен ашық диалог орнату, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді талқылау және атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндау мақсатында ұйымдастырылды.
Есептік жиын барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен аудан аумағында жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Аудан көлемінде инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Майлытоғай ауылдық округінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алған. Сонымен қатар ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және көркейту-көгалдандыру бағытындағы жобалар да кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Атап айтқанда, 9 шақырымды құрайтын Тұрымбет каналы қайта қазылып, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл ауылдың су жүйесін жақсартуға және экологиялық ахуалды тұрақтандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар елді мекеннің келбетін жақсарту мақсатында ауыл кіреберісіне «Мәңгілік мекенім – Майлытоғай» жазуы орнатылып, ауылдың көрнекі бейнесі жаңартылды. Санитарлық тазалық пен экологиялық талаптарды сақтау бағытында мемлекет бюджеті есебінен 3 миллион теңгеге қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын арнайы полигон салынды.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, жастарды қолдау және абаттандыру жұмыстарын жалғастыру алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі екені айтылды.
Сұлутөбе ауылдық округінде де әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Тұрғындар ауылда жүзеге асырылып жатқан игі істерге оң бағасын беріп, аудан басшылығына қолдау білдірді.
Атап айтқанда, ауылда түнгі жарықтандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында аяқ сумен қамтамасыз ету үшін «Құмжарған» каналын қазу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар 1 Мамыр елді мекенінің кіреберісіне төлқұжат орнатылып, балалар ойын алаңы салынды. Ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп, Тәуелсіздік, Сырдария, Астана, Алаш, Атамекен, Жаңақұрылыс, Бәйтерек, Тасшоқы және Құмсуат көшелеріне көше жарықтары орнатылды.
Кездесу барысында аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарға құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол интернет алаяқтықтың, есірткі қылмыстарының және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше тоқталып, азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ауылды дамыту бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Мұндай есептік кездесулер жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.







