Аудандық балалар кітапханасында жас оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және балалар әдебиетін кеңінен насихаттауға бағытталған әдеби таныстырылым ұйымдастырылды. Шара балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді» атты кітабына арналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буынды балалар әдебиетімен сусындатып, олардың рухани танымын кеңейту, кітап оқуға деген ынтасын арттыру және жазушы шығармаларын көпшілікке кеңінен таныту болды.
Танымдық шараға №36 Ә. Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 4-сынып оқушылары мен ұстаздары қатысып, әдебиет әлеміне деген ерекше қызығушылықтарын танытты. Балалар кітапханаға келген сәттен бастап кітап әлемінің сырлы атмосферасына еніп, шығармашылыққа деген ынталарын көрсетті.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлының өмір жолы мен шығармашылық қызметіне кеңінен тоқталып, оның қазақ балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар «Бабамдай болғым келеді» кітабының мазмұны мен тәрбиелік мәні жан-жақты түсіндіріліп, шығармадағы басты идеялар мен кейіпкерлер бейнесі талданды.
Оқушылар да белсенділік танытып, кітаптан үзінділер оқып берді. Олар шығарманың мазмұны бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салып, кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне баға беріп, адамгершілік, адалдық және еңбексүйгіштік сияқты қасиеттер туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар шара аясында балаларға арналған қызықты сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, танымдық белсенділікті арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Кітап көрмесіне шолу жасалып, оқушыларға жазушының басқа да еңбектері таныстырылды.
Жас оқырмандар жазушы шығармалары арқылы адамгершілік, достық, еңбекқорлық сынды асыл қасиеттердің мәнін тереңірек түсініп, тағылымды ой түйді.
Кеш соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, кітап оқудың маңыздылығы мен рухани дамудағы рөлі туралы пікір алмасты. Әдеби таныстырылым балаларға ерекше рухани әсер сыйлап, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті.








