2026 жылғы 14 мамыр күні «Сырдария – қауіпсіз аудан» жол картасы аясында Шіркейлі ауылдық округіндегі №129 орта мектебінде тағылымы мол кездесу ұйымдастырылды. Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шараға аудандық білім бөлімі мен аудандық полиция бөлімінің өкілдері қатысып, мектеп оқушыларымен және сынып жетекшілерімен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру болды. Іс-шара барысында мамандар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда әрбір азаматтың, әсіресе жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
Жиын кезінде құқық қорғау саласының өкілдері соңғы уақытта жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, топтық төбелес, буллинг, ұрлық, сталкинг, вандализм секілді келеңсіз әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігі түсіндіріліп, олардың болашаққа тигізер кері әсері нақты мысалдар арқылы айтылды.
Мектеп оқушыларына түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрудің құқықтық салдары түсіндіріліп, ата-аналардың да жауапкершілігі жөнінде кеңінен айтылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, өзара сыйластықты қалыптастыру және әлеуметтік желілерді мәдениетті пайдалану мәселелері қозғалды.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы тәртіп мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мектепішілік бақылауды күшейту, салалық бұйрықтардың орындалуын қамтамасыз ету және оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Сынып жетекшілері мен мұғалімдерге балалармен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізудің маңыздылығы айтылды.
Қоғамдық қауіпсіздік тақырыбында да маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алуда бейнебақылау камераларының тиімділігі түсіндірілді. Сонымен бірге, профилактикалық есепке қою тәртібі мен оның салдары жөнінде нақты ақпараттар берілді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өткендіктен, оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің маңызы зор екені айтылып, заңға құрметпен қарау – жарқын болашақтың кепілі екені ерекше атап өтілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай профилактикалық шаралар жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың тәртіпке бағынатын, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін азамат болып өсуіне ықпал етеді.







