Сырдария ауданында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте экономиканың түрлі салаларын цифрлық трансформациялау барысы жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, цифрландырудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологиялар – тек ыңғайлылық құралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыратын негізгі тетік.
Цифрландыру – экономиканың барлық саласының тиімділігін арттыратын негізгі құрал. Сондықтан біз әрбір мекемеде цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруіміз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мәжілісте сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және адами факторды азайту бағытында нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, тұрғындарға көрсетілетін қызметтерді толықтай электронды форматқа көшіру, деректердің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басты назарда болды.
Аудан әкімі барлық бөлімдер мен мекемелерге цифрлық жүйелерді жетілдіруді, жаңа технологияларды енгізуді және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды тапсырды. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді. Цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.







