Сырдария ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түнгі рейдтік жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан орталығында ұйымдастырылып жатқан бұл профилактикалық шаралардың басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Рейдтік іс-шаралар барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен тиісті сала мамандары жастар жиі жиналатын орындарды, саябақтар мен демалыс аймақтарын, сондай-ақ орталық және шеткі көшелерді түгел қамтуда. Тексеру кезінде түнгі уақытта себепсіз көшеде жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, заң талаптарын сақтау және қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде кеңестер берілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтердің тұрақты өткізілуі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілуде. Әсіресе ата-аналардың бақылауы мен тәрбиелік рөлі айрықша маңызды.
Осыған байланысты аудан тұрғындарына, әсіресе ата-аналарға, балаларының қайда жүргеніне бейжай қарамай, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігі ескертіледі. Түнгі рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған шаралар күшейтіле бермек.







