Сырдария ауданында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен маңызды мәжіліс өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық маңызы бар бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, мекеме жетекшілері және жауапты сала мамандары қатысты.
Күн тәртібінде макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, 2024–2025 оқу жылын қорытындылау, сондай-ақ облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу деңгейі қаралды. Мәжіліс барысында әр сала бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштер кеңінен талқыланып, жоспарланған межелердің орындалу қарқынына талдау жасалды. Әсіресе инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы назарға алынды. Аудан басшысы жауапты мекеме жетекшілеріне бекітілген индикаторлардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімінің авиация саласын дамыту, цифрландыру жүйесін жетілдіру бағытында берген тапсырмалары да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. Мәжілісте мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, тұрғындарға қолайлы цифрлық сервистерді енгізу, ақпараттық жүйелердің тиімділігін күшейту бағытындағы жұмыстар пысықталды. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.
Мәжілісте оқу жылының аяқталуына байланысты білім беру саласындағы дайындық мәселелері де кеңінен сөз болды. Аудан мектептеріндегі оқу процесінің қорытындылары сараланып, жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сауықтыру лагерьлерінің жұмысын жүйелеу және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Әсіресе жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Аудан басшысы жауапты мекемелерге түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды тұрақты жүргізуді тапсырды.
– Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Жаз мезгілінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, барлық жауапты мекемелер үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет. Әрбір ата-ана мен сала маманы бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады. Сала басшыларына халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жедел әрекет ету тапсырылды.
Мәжіліс қорытындысында аудан басшысы барлық жауапты мекемелерге берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, әрбір салада нақты нәтиже мен жүйелі жұмыс басты назарда болуы қажеттігін жеткізді.








