Чернобыль апаты құрбандарын еске алу – тек өткенге тағзым емес, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну. Осы орайда Қызылорда облысының Шиелі ауданында тағылымы мол, мазмұны терең «Чернобыль қаһармандары» атты еске алу шарасы өтті.
Шара Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында және «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Басқосудың басты мақсаты – адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік апаттардың бірі саналатын Чернобыль трагедиясының зардабын жою жолында жанын қиған азаматтардың ерлігін ұлықтау, олардың рухына құрмет көрсету.
Іс-шара барысында қатысушылар апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады. Одан кейін марқұмдардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Бұл – ел жадындағы қасіретті кезеңді ұмытпай, ерлікке тағзым етудің көрінісі.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Б. Ысмағұлов ашып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтардың батылдығы мен жанқиярлығын ерекше атап өтіп, олардың ерлігі кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі екенін жеткізді.
Шара аясында «Қазақстан Чернобыль Ардагерлер» қауымдастығы Орталық кеңесінің шешімімен бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 40 жылдығына орай Шалбай Бақыт Кеңесбайұлы, Тұрсынбеков Қайрат Әшімұлы, Қалдыбаев Жақсылық Нақыпұлы, Төлбаев Марат Әбдіреймұлы және Алтынбеков Бақытжан Мейрамбекұлы «Чернобыль ардагерінің ерлігі үшін» арнайы медалімен наградталды. Бұл марапат – олардың қиын-қыстау кезеңдегі ерен еңбегіне берілген лайықты баға.
Айта кету керек, 1986 жылдың сәуірінде орын алған апаттан кейін оның зардаптарын жою үшін мыңдаған адам жұмылдырылды. Радиоактивті аймақта жоғары қауіп-қатерге қарамастан жұмыс істеген олар арнайы қорғаныс құралдарының жетіспеушілігіне қарамай, адамзаттың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етті. Қазақстаннан барған сарбаздар да осы күрделі міндетті абыроймен атқарып, тарихта өшпес із қалдырды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары бірқатар азаматқа аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстап, олардың қоғамдық өмірге қосқан үлесін жоғары бағалады. Кеш соңында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама қатысушыларға рухани әсер сыйлап, еске алу шарасының мазмұнын толықтыра түсті.
Чернобыль апатының салдарына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның зардабы әлі күнге дейін сезілуде. Сондықтан да мұндай тағылымды шаралар – өткенді ұмытпай, ерлікті дәріптеп, жас ұрпақтың санасына тарихи жауапкершілікті сіңіруде маңызды рөл атқарады.







