Сырдария ауданында музей қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне және аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Тағылымды шара жаңадан пайдалануға берілген «Руханият» орталығында ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, ауданның зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мәдениет саласының ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиын басталмас бұрын қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмелерді аралап көрді. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылған «Қолөнер FEST» көрмесі көпшілік назарын аударды. Сонымен қатар, «Құмыра ART» және «30 жылға – 30 жәдігер» атты тақырыптық көрмелер арқылы музей қорындағы құнды тарихи мұралар таныстырылды. Көрмеге қойылған көне жәдігерлер мен ұлттық қолөнер бұйымдары аудан тарихының терең тамырынан сыр шертіп, келушілерге ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Сәрменбаев музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ұлт тарихын сақтау жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халықтың тарихи жадын сақтау – ұлттың рухани тұтастығын нығайтудың басты кепілі» деп атап өткен болатын. Музей қызметкерлері халқымыздың бай тарихи мұрасын жинақтап, зерттеп, сақтап қана қоймай, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде музейлер заман талабына сай жаңарып, ғылыми-ағартушылық орталықтарға айналуда. Цифрландыру үдерісі, жаңа форматтағы көрмелер мен тарихи-танымдық жобалар музейлердің қоғамдағы маңызын арттыра түсуде, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудан әкімі Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында бүгінде 12 113 экспонат сақталғанын атап өтті. Олардың қатарында көне еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, тарихи құжаттар, фотосуреттер мен ұлттық қолөнер туындылары бар. Бұл жәдігерлер ауданның өткені мен мәдени өмірінен құнды мәлімет береді.
Шара барысында аудандық музейдің 2025 жылы жаңадан бой көтерген «Руханият» орталығына көшіріліп, өз жұмысын жаңа деңгейде жалғастырып жатқаны ерекше айтылды. Аудан басшысы жаңа ғимараттың халықтың мәдени-рухани сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан екенін жеткізді.
– «Руханият» орталығы – бірлік пен руханияттың ордасы. Мұнда ел тарихы мен мәдени құндылықтары тоғысып, болашақ ұрпаққа аманат болатын асыл мұралар сақталады. Бұл – аймақ басшылығының мәдениет саласына көрсеткен үлкен қолдауы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шара барысында музей саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маман аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр да құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, бірқатар азаматқа Алғыс хат табыстады.
Кеш соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, рухани кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Тағылымды шара музейдің тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, ұлттық руханият пен тарихи сананы қалыптастыратын маңызды мәдени орталық екенін тағы бір мәрте айқындады.








