Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында Нұрлыбек Нәлібаев әйел-аналармен кездесті. «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» тақырыбында өткен басқосуға еңбек ардагерлері, түрлі сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтап, әйелдердің ел мен өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ананың қоғамдағы ерекше орны туралы айтқан пікіріне тоқталып, аналардың мейірімі мен тәрбиесі ұлттың болашағын қалыптастыратынын жеткізді.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, тарихта ел басына күн туған кезде аналар мен арулар қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласып, елдің береке-бірлігін сақтауға үлес қосқан. Қазақ халқы бала тәрбиесін ұлт тәрбиесі деп қарап, аналарды әрдайым ардақтап келген.
Бүгінде отбасы институтын нығайту, көпбалалы аналарды қолдау, кәсіпкер әйелдерді дамыту және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Аймақта аналарды әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Кездесу барысында облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова өңірде «Келешек мектептері» мен басқа да білім беру мекемелерінің салынуы ана мен балаға жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі екенін айтты. Ал Қармақшы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжаухар Раева «Руханият орталықтарының» ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталды.
Сонымен қатар Жаңақорған ауданы «Қыркеңсе» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Жазира Мәлікова ауылдық медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, қызмет сапасы артып келе жатқанын атап өтті.
Іс-шара соңында бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазіргі таңда өңір халқының саны 845 135 адамды құрайды. Оның 419 819-ы, яғни 49,6 пайызы – әйелдер. Соның ішінде 185 мыңға жуық қыз-келіншек қалада, ал 230 мыңнан астамы ауылдық жерлерде тұрады.
Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында әйелдердің экономикадағы, саясаттағы және қоғамдық өмірдегі рөлі жылдан жылға артып келеді.






