Аудан аумағындағы ирригациялық инфрақұрылымды жақсарту және көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Осыған орай, бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы жұмыс сапарымен бірқатар елді мекендерді аралап, каналдарды тазалау жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы бұл жолы ардагерлер кеңесінің өкілдерімен және тиісті сала жетекшілерімен бірге 21 бекет елді мекені маңынан өтетін К-4, L-5 қашыртқы каналдары мен Өзек арнасына барды. Жұмыс сапары барысында аталған нысандардағы тазалау жұмыстарының сапасы, техникамен қамтылуы және мерзімдік орындалу деңгейі жан-жақты сараланды.
Айта кету керек, бұл бастама – жергілікті тұрғындардың көптен бергі өтінішіне жауап ретінде қолға алынған маңызды жобалардың бірі. Соңғы жылдары Шиелі кенті, Жансейіт және 21 бекет елді мекендерінде ыза сулардың жиналуы өзекті мәселеге айналып, тұрғындардың тұрмысына едәуір қолайсыздық туғызған болатын. Осыған байланысты каналдарды механикалық тәсілмен тазарту арқылы су өткізу қабілетін арттыру – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар тек су жиналу мәселесін шешіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласына да оң ықпал етеді. Атап айтқанда, егістік алқаптарына қажетті судың уақытылы жеткізілуі қамтамасыз етіліп, бұл өз кезегінде өнімділіктің артуына сеп болады.
Қазіргі таңда тазалау жұмыстары арнайы техникалардың көмегімен кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауыр жүк көтергіш экскаваторлар мен басқа да арнайы құрылғылар канал арналарының түбін тереңдетіп, лай-қоқыстардан тазартуда. Жауапты мекемелер жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген мерзімнен кешікпеуді басты назарда ұстап отыр.
Жұмыстарды үйлестіру мен сапасын қадағалау аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың тікелей бақылауында. Ол жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әрбір кезеңнің уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін қатаң ескертті.
Айта кетейік, аталған жұмыстар «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесі тарапынан жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да аудан аумағындағы су шаруашылығы нысандарын жаңғырту және күтіп ұстау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таппақ.







