Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына келіп, бірқатар маңызды құрылыс нысандарындағы жұмыстардың барысымен танысты. Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен қала әкімі Нұржан Ахатов та болды.
Алдымен халық қалаулылары сол жағалауда салынып жатқан 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысын көрді. Ірі медициналық нысан 10 блоктан тұрады. Жоба аясында емхана, қабылдау, операциялық, реанимация, химиотерапия және радиология бөлімдері, сондай-ақ әкімшілік және қосымша қызметтік орындар қарастырылған. Бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емхана мен 100 төсекке арналған онкологиялық бөлімше де көзделген. Құны 54,3 млрд теңгені құрайтын жобаны «Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда нысанда монолит жұмыстары аяқталып, кірпіш қалау мен инженерлік желілерді жүргізу жалғасуда. Құрылысқа 300-ге жуық жұмысшы мен 18 техника жұмылдырылған.
Мұнан бөлек, сол жағалауда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысы да қарқын алған. Жалпы құны 11,3 млрд теңгені құрайтын жоба аясында әрқайсысы 60 пәтерлік 10 үй салынуда. Оның ішінде 7 үй – 5 қабатты, 3 үй – 9 қабатты.
Депутаттар бұдан кейін Президент паркі аумағындағы бірқатар нысандарды аралады. Атап айтқанда, 9 қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асырып жатқан жоба 8,2 гектар аумақты қамтиды. Құрылыс толық аяқталған соң 945 пәтер пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы да назардан тыс қалмады. «Alem Qurylys AQ» серіктестігі қолға алған бұл нысан экологиялық білім беру мен демалысты ұштастыруға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, 300 орындық балалар лагері де салынуда. Онда әкімшілік ғимарат, бірнеше тұрғын корпус, қонақүй типтес нысан, киіз үйлер, ашық бассейн, стадион мен сахна және басқа да инфрақұрылым қарастырылған.
Қаладағы ірі спорт нысандарының бірі – «Қызылорда Арена» кешенінің құрылысы да жалғасуда. Құны 20 млрд теңгеден асатын жобада олимпиадалық бассейн, спорт алаңдары және 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 200-ден астам адам еңбек етуде, инженерлік желілердің басым бөлігі аяқталған.






