Ауданда инновацияларды дамыту мәселесі кеңінен талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалығымен өткен жиынға аудандық мәслихат төрағасы, әкім орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының өкілдері, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжіліс барысында өңірдің инновациялық даму бағытындағы жұмыстары жан-жақты сараланып, өзекті мәселелер ортаға салынды. Аудан басшысы қазіргі кезеңде инновация экономикалық өсудің, бәсекеге қабілеттіліктің және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі тетігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ауданда бұл бағытта бірқатар ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда, кәсіпкерлік саласында жаңа жобалар жүзеге асырылып, цифрлық қызметтер кезең-кезеңімен енгізілуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында заманауи технологияларды пайдалану деңгейі артып келеді.
Дегенмен, жиын барысында шешімін күткен мәселелер де ашық айтылды. Әсіресе, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында инновациялық жобалардың саны мен сапасын арттыру қажеттігі ерекше атап өтілді. Көптеген кәсіпкерлердің жаңа технологияларды енгізуге әлі де дайын еместігі сынға алынды. Осыған байланысты аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, кәсіпкерлерге нақты қолдау шараларын әзірлеу тапсырылды.
Білім беру саласындағы инновациялық көзқарасты қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінен тыс қалмады. Аудан әкімі жастарды жаңа технологияларға бейімдеу – болашақтың кепілі екенін атап өтіп, аудандық білім бөліміне мектептерде заманауи бағдарламалар мен құралдарды кеңінен енгізу қажеттігін жеткізді.
Жиында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Маратжан Жұмаділ әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы мен бюджет қаражатының игерілу барысы туралы баяндама жасады. Ол негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейіне тоқталып, бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Мәжіліс қорытындысында Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, барлық белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Жалпы, жиында қабылданған шешімдер ауданның инновациялық әлеуетін арттыруға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.






