Қызылорда облысында көктемгі дала жұмыстары ресми түрде бастау алып, Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында егін алқабына алғашқы дән себілді. Маңызды аграрлық науқанға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, шаруалармен бірге еңбек маусымының басталуына куә болды.
Салтанатты рәсім барысында аймақ басшысы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және ауыл ардагерлерімен бірге алғашқы дәнді жерге сіңіріп, биылғы жылдың берекелі болуына тілектестік білдірді. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, диқандар еңбегінің нәтижелі болуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Сапар барысында ауыл шаруашылығы техникаларының, тыңайтқыштар мен өсімдік қорғау құралдарының, сондай-ақ заманауи агротехнологиялардың көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы мен жаңа технологияларды енгізу деңгейі таныстырылды.
Биыл өңірдің егіс алқаптарын суаруға 3,2 миллиард текше метр су лимиті бөлінген. Жалпы 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 89,7 мың гектар, майлы дақылдар – 6,1 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 73,2 мың гектарды құрайды. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектарға орналастырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осыған байланысты суды көп қажет ететін күріш көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланып, оның орнына өнімділігі жоғары әрі суға деген сұранысы төмен жүгері алқаптарын ұлғайту көзделген.
Қазіргі таңда ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары аяқталуға жақын. Өңірде тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Көктемгі науқанға барлығы 3975 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Сонымен қатар шаруашылықтар тарапынан 21,7 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берілген. Оның 10,1 мың тоннасы көктемгі егіске, ал 11,6 мың тоннасы күзгі жиын-терін жұмыстарына бағытталмақ.
Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Алдағы үш жылға бұл мақсатқа 34 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылса, оның шамамен 10 миллиард теңгесі биыл игерілмек. Соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі төрт есеге өсіп, 16,7 мың гектарға дейін жеткен.
Өңірде ірі инвестициялық жобалар да қолға алынған. Мәселен, Харвест Агро серіктестігі Жалағаш ауданында жүгері, соя және техникалық қарасора өсіріп, 21 мың гектар жерге агрокластер құруда. Ал Центр семеноводства Шиелі ауданында 10 мың гектар алқапқа жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен егуді жоспарласа, Таң ЛТД 3 мың гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізуде.
Жалпы, Сыр өңіріндегі көктемгі дала жұмыстары жаңа тәсілдер мен тиімді шешімдерге негізделіп, аграрлық саланың тұрақты дамуына бағыт алып отыр. Бұл бастамалар алдағы уақытта өнім көлемін арттырып қана қоймай, су ресурстарын үнемдеуге және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.








