Сырдария ауданында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жұмыс сапары аясында Жетікөл және Айдарлы ауылдық округтеріне барып, «Жетікөл жарма» және «Ақтам» каналдарында жүргізіліп жатқан механикалық тазалау жұмыстарымен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, олардың белгіленген мерзімде орындалуына және техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше мән берді. Бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығы мен елді мекендерді сумен қамту мәселесінде аса маңызды факторлардың бірі.
Қазіргі таңда тұрғындарды тұрақты аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жетікөл жарма» каналының 16,5 шақырымдық бөлігінде кешенді тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ақтам» каналының сағасын тазарту жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Ауқымды жобаны іске асыру үшін «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы тарапынан 9 экскаватор, 4 ауыр техника, 1 бульдозер және 2 арнайы техника жұмылдырылған.
Мамандардың мәліметінше, бүгінгі күнге дейін каналдардың 2,2 шақырымы толықтай тазартылған. Қазіргі уақытта жұмысшы топ жоспарға сәйкес канал арнасын кеңейту, түбін тереңдету жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл шаралар су өткізу қабілетін арттырып, егістік алқаптарын тиімді суаруға мүмкіндік береді.
Жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына және мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жұмыстардың сапасын арттыру, белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтау және барлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Жалпы, өңірдегі су арналарының тазалануы мен жаңғыртылуы – ауыл шаруашылығын дамыту мен халықты сумен тұрақты қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.






