Сырдария ауданында кәсіпкерлікті қолдау және үкіметтік емес секторды дамыту бағытындағы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте 2026 жылдың 24 сәуірі күні Тереңөзек кентіндегі «Руханият орталығы» ғимаратында аудан кәсіпкерлеріне арналған арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Аталған шараны Сырдария аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі өткізіп, оған «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының өкілдері мен «Асыл мұра-орда» қоғамдық қорының мамандары қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара аясында «Қазақстан Халық банкі» АҚ өкілдері «Іскер аймақ» бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, оның кәсіпкерлер үшін беретін артықшылықтарын кеңінен таныстырды. Бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиелер алу, қаржылық қолдау тетіктерін пайдалану және бизнес жобаларды дамыту жолдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Сонымен қатар, «Асыл мұра-орда» қоғамдық қорының өкілдері үкіметтік емес ұйымдардың қызметін тиімді басқару, қаржыландыру көздерін әртараптандыру және олардың жұмыс нәтижелілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мамандар әлеуметтік жобаларды іске асыруда мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану жолдарын түсіндіріп, гранттық қаржыландыру мүмкіндіктері туралы да ақпарат берді.
Кездесу барысында мемлекеттік порталдармен жұмыс істеу, цифрлық сервистерді тиімді пайдалану, есептілік пен құжат айналымын оңтайландыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің білімін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануға жол ашатыны сөзсіз.
Жалпы, аудан көлемінде ұйымдастырылып жатқан осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кәсіпкерлік ортаны дамытуға және азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыруға серпін беруде.








