Шиелі кентінде отандық өндірісті өркендетуге бағытталған тағы бір тың жоба табысты жүзеге асуда. Жеке кәсіпкер Есенов Нұрбол Кенжебекұлы «ORDA» брендімен дәретхана қағазы мен қағаз майлықтарын шығаратын өндіріс цехын іске қосып, жергілікті нарықты сапалы қағаз өнімдерімен қамтамасыз етуге кірісті.
Бұл жоба – тек бір кәсіпкердің кәсібі ғана емес, сонымен қатар аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін берген маңызды бастамалардың бірі. Отандық өнім өндіруді басты мақсат еткен кәсіпкер өндірісті кеңейту үшін 2025 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық 6 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Жалпы сомасы 50 миллион теңгені құрайтын қаржыға заманауи құрал-жабдықтар мен өндірістік желілер сатып алынып, цехтың толыққанды жұмысы жолға қойылды.
Бүгінде өндіріс орнында заманауи технологиялар қолданылып, өнім сапасына ерекше мән берілуде. Цехта шикізат ретінде экологиялық таза табиғи целлюлоза пайдаланылады. Бұл өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, тұтынушылардың денсаулығына қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Кәсіпкердің айтуынша, негізгі шикізат көршілес Өзбекстан Республикасы аумағынан жеткізіледі.
Қазіргі таңда өндіріс қарқыны да көңіл қуантады. Цех тәулігіне 3000 данадан астам дәретхана қағазы мен қағаз майлықтарын шығарады. «ORDA» брендімен шығарылатын өнімдер әртүрлі қаптамада дайындалады. Әрбір бумада 10 данадан бастап 24 данаға дейін дәретхана қағазы салынып, тұтынушылар сұранысына сай ұсынылуда.
Өнімнің сапасы мен қолжетімді бағасы оның нарықтағы сұранысын арттыра түскен. Бүгінде Шиеліде өндірілген «ORDA» тауарлары Қызылорда қаласы мен оған көршілес аудандарға тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім көлемін ұлғайтып, нарық аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Өндірістің тағы бір маңызды қыры – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Қазіргі уақытта цехта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауылдық жердегі тұрғындарды еңбекпен қамтып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да оң ықпал етуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай өндіріс орындарының көбеюі импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді. Әсіресе күнделікті тұрмыста сұранысқа ие қағаз өнімдерін жергілікті жерде өндіру – экономикалық тұрғыдан тиімді бастама.
Шиеліде қолға алынған «ORDA» жобасы – мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлік бастаманың үйлесімді нәтижесінің айқын көрінісі. Жергілікті кәсіпкердің табанды еңбегі мен өндірісті дамытуға деген ұмтылысы алдағы уақытта өңірдегі өндіріс әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз.









