Шиелі ауданының Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, елге еңбегі сіңген қоғам қайраткері Камал Оспанұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты тағылымды еске алу кеші өтті. Елдік пен ерлікті ұлықтаған мазмұнды шараға аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының ардагерлері, жастар мен ардагердің туған-туыстары қатысты.
Тағылымға толы жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып, майдангердің ел үшін атқарған ерен еңбегі мен өнегелі ғұмыр жолына кеңінен тоқталды. Өз сөзінде аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз ерлік дәстүрін дәріптеп, батырларымыздың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуіміз керек» деген тағылымды пікірін атап өтіп, Камал Оспанұлының өмір жолы жас ұрпақ үшін теңдессіз үлгі екенін жеткізді.
– Бүгінгі еске алу шарасы – бір ғана азаматтың өмір жолын дәріптеу емес. Бұл – ел басына күн туған шақтағы ерлік пен елдіктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің асыл мұрасын ұлықтайтын тағзым сәті. Камал Оспанұлының ғибратты ғұмыры – елге адал қызмет етудің, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын үлгісі, – деді аудан әкімі.
Камал Оспанұлы 1926 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекқорлық пен елжандылық қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ол небәрі 16 жасында майдан даласына аттанып, Отан қорғау жолында жан аямай күресті. Сталинград майданында ерлікпен шайқасып, жауға қарсы қайсарлық пен батылдықтың үлгісін көрсетті.
Сұрапыл соғыс жылдары оның өміріне өшпес із қалдырды. Майдан даласында ауыр жарақат алғанына қарамастан, елге оралған соң бейбіт өмірде де халыққа қалтқысыз қызмет етуді өзіне парыз санады. Ол заң саласын таңдап, прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Әділдік пен заңдылықтың сақталуына зор үлес қосып, кәсіби біліктілігімен, адамгершілік қасиетімен әріптестері арасында үлкен құрметке ие болды.
Ардақты азаматтың ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол КСРО Бас прокуроры Роман Руденконың атынан табысталған атаулы алтын сағатпен марапатталған. Сонымен қатар, кеудесіндегі «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдары – оның майдан даласындағы жанқиярлық ерлігінің жарқын дәлелі.
Тағылымды кеш барысында Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Исламбек Төлегенов, «Хусамуддин Әс-Сығанаки» қоғамдық қорының президенті Тұрсынхан Әлібеков және отбасы атынан Назипа Оспанова сөз сөйлеп, Камал Оспанұлының жарқын бейнесі мен адами болмысын тебіреніспен еске алды.
Шара барысында майдангердің өмір жолы мен еңбек жолынан сыр шертетін естеліктер айтылып, оның елге сіңірген еңбегі кеңінен насихатталды. Кеш қонақтары батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, оның өнегелі өмірі кейінгі буынға әрдайым үлгі болатынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, мәдени шара аясында патриоттық рухтағы әндер орындалып, ардагердің өмірі туралы бейнеролик көрсетілді. Бұл көпшілікке ерекше әсер сыйлап, қатысушыларға тарихи тағылым мен рухани тәрбие берді.
Жиын соңында Камал Оспанұлының рухына тағзым жасалып, оның ел үшін сіңірген еңбегі мен ерлігі халық жадында мәңгі сақталатыны айтылды. Осындай тағылымды шаралар – ел тарихын ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, елге қызмет ету, туған жерге адал болу секілді асыл қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Камал Оспанұлының ғибратты ғұмыры мен ерлікке толы өмір жолы – елге қызмет етудің, Отанға адалдықтың және азаматтық парызға беріктіктің биік үлгісі болып қала бермек.








