Сырдария ауданында мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы артып келеді. Жеңілдетілген несие арқылы өз кәсібін бастап, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары көбейіп, ауыл экономикасының дамуына тың серпін беруде. Соның бірі – С.Сейфуллин ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Назым Үргенішбаева.
Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, бүгінде түйе шаруашылығын дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекет ұсынған қолдаудың арқасында ол кәсібін кеңейтіп, мал басын көбейтуге мүмкіндік алған.
Назым Үргенішбаеваның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндікке айналған. Әсіресе, төмен пайызбен берілетін несие кәсіп бастауға ниетті азаматтарға нақты қолдау көрсетіп отыр.
– Ауылда отырып-ақ табысты кәсіп жүргізуге болады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау – біз үшін үлкен мүмкіндік. Жеңілдетілген несие алып, түйе шаруашылығын дамытуға кірістік. Қазіргі таңда мал басын көбейтіп, өнім көлемін арттыру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта кәсібімізді одан әрі кеңейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде түйе шаруашылығы – ауыл шаруашылығындағы табысты әрі сұранысқа ие бағыттардың бірі. Әсіресе, түйе сүтінен дайындалатын шұбатқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, табиғи әрі дәруменге бай шұбаттың адам денсаулығына пайдасы мол.
– Шұбат – емдік қасиеті жоғары табиғи өнім. Ол ағзаны сергітіп, күш-қуат береді, иммунитетті көтереді. Сонымен қатар ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартып, адам денсаулығына оң әсер етеді. Қазір табиғи өнімдерге сұраныс жоғары болғандықтан, бұл бағытты дамытуға мүмкіндік мол, – дейді Назым Үргенішбаева.
Жас кәсіпкердің бастамасы ауыл тұрғындарына үлгі боларлықтай. Ол тек жеке кәсібін дамытып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне де өзіндік үлес қосып келеді. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта түйе санын арттырып, өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, кәсіпкерлікті дамыту арқылы елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру. Осы бағытта жүзеге асқан әрбір жоба ауылдағы еңбек адамдарының іскерлігін шыңдап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Назым Үргенішбаеваның еңбегі – мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, маңдай термен табысқа жетудің жарқын үлгісі. Мұндай іскер азаматтардың қатары көбейген сайын ауыл экономикасы да қарқынды дамып, елдің әл-ауқаты арта түспек.








