Ауданда ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысына ауылдық округ әкімдері, мекеме және бөлім басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралып, олардың орындалу барысы жан-жақты сараланды. Алғашқы мәселе көктемгі дала жұмыстарына дайындыққа арналды. Бұл бағытта аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы баяндама жасап, биылғы егін науқанының негізгі көрсеткіштері мен жоспарларына тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, 2026 жылы ауданда жалпы 32 064 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі үлесті күріш дақылы құрап, 17 000 гектарға егіледі. Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары тарапынан 4 585 гектар алқапқа ақ егіс себіліп үлгерген. Егіс жұмыстарына қажетті тұқым қоры да кезең-кезеңімен дайындалуда. Биыл 5 000 тонна күріш тұқымы құйылып, оның 3 289 тоннасы себуге толық дайын күйге жеткізілген.
Сонымен қатар, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да назарда. Атап айтқанда, 2026 жылы 2 000 гектар жерге жүгері дақылын егу жоспарланып отыр. Бұл шара ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі де ерекше назарға алынып, тиісті жұмыстардың жүйелі жүргізілуі қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – төрт түлікті түгендеу және жануарлар арасында қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары. Бұл бағытта аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев баяндама жасап, эпизоотиялық ахуалдың тұрақты екенін жеткізді.
Оның мәліметінше, 2026 жылға арналған эпизоотияға қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, аса қауіпті 12 түрлі ауруға қарсы ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жылдың алғашқы үш айына жоспарланған көрсеткіштер толық орындалып, 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кең таралатын энзоотиялық ауруларға қарсы 6 бағыт бойынша профилактикалық шаралар жоспарланып, олар да толық көлемде жүзеге асырылған.
Жиын барысында негізгі мәселелермен қатар бірқатар қосымша бағыттар да қаралды. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты жұмыстар, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру барысы, сондай-ақ елді мекендердегі санитарлық тазалықты сақтау мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, барлық бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Жоспарланған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.








