Аудан әкімдігінде өткен кезекті мәжіліс отырысында өңірдің жылу беру маусымының қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалық етіп, оған аудан әкімінің орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының өкілдері, дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – өткен жылыту маусымының нәтижелері мен алдағы қысқа дайындық жұмыстары болды. Сала мамандары атқарылған жұмыстарды баяндап, инфрақұрылымды жетілдіру, жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан көлемінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жобалар жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы жалпы құны 1 млрд 622 млн теңгені құрайтын жұмыстар нәтижесінде Ортақшыл және 22 бекет елді мекендері табиғи газға қосылған. Сонымен қатар, жыл соңында 467,9 млн теңгеге 21 бекет пен Жансейіт елді мекендері толықтай газдандырылды. Соның нәтижесінде аудан бойынша 1 кент пен 17 елді мекен тұрғындарының табиғи газды пайдалану деңгейі 81 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өңір халқының тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.
Жиын барысында аудан әкімі әлеуметтік нысандардың қысқы кезеңге дайындығына ерекше назар аударды. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелеріндегі жылу жүйелерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі басты назарда болуы тиіс екені айтылды. Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті екені атап өтілді.
Мәжіліс қорытындысында Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу, инфрақұрылым нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту міндеттелді. Сонымен қатар, барлық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.








