9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында «Руханият» орталығының Балалар кітапханасында «Еңсесі биік — Ұлы Жеңіс» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Тағылымы мол шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлар ерлігін дәріптеу және тарихи жадыны жаңғырту.
Көрме аясында оқырмандарға Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңдерін баяндайтын, майдан даласындағы ерлік пен елдегі тыл еңбегін суреттейтін құнды әдебиеттер ұсынылды. Экспозиция мазмұны жан-жақты қамтылып, әрбір келушіге соғыс жылдарының шынайы келбетін сезінуге мүмкіндік берді.
Шара барысында кітапханашы Р. Нұрекеева көрмені таныстырып, ұсынылған басылымдардың мазмұны мен тарихи маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде соғыс жылдарындағы жауынгерлердің жанқияр ерлігі, олардың Отан алдындағы адалдығы мен қайсарлығы бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі екенін атап өтті.
Көрмеге қойылған кітаптар қатарында қазақстандық батырлар туралы деректі шығармалар, соғыс тақырыбындағы көркем әдебиеттер, сондай-ақ Жеңіс жылнамасына қатысты тарихи мәліметтер бар. Бұл еңбектер арқылы оқырмандар майдангерлердің тағдырымен танысып, сол бір зұлмат жылдардың шындығын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Әсіресе, майдан даласынан жазылған хаттар мен естеліктерге негізделген туындылар оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар арқылы сол кезеңдегі жауынгерлердің көңіл-күйі, сағынышы мен үміті, елге деген шексіз сүйіспеншілігі айқын көрініс тапқан.
Мұндай танымдық шаралар – жас ұрпақты тарихты құрметтеуге, бейбіт өмірдің қадірін түсінуге баулитын маңызды бастамалардың бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітап көрмесі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, оқырмандарға рухани азық бола бермек.
Жалпы, «Еңсесі биік — Ұлы Жеңіс» көрмесі – өткенге тағзым, ерлікке құрмет және болашақ ұрпаққа бағытталған тәрбиелік мәні зор маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды.







