Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовпен бірге Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Сапар барысында тарихи-мәдени мұраларды сақтау, аграрлық секторды дамыту, халықпен кері байланыс орнату және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу мәселелері назарға алынды.
Жұмыс сапары ең алдымен қайта жаңғыртудан өткен Оқшы ата кесенесін аралаудан басталды. Шиелі ауданының Жөлек ауылынан жеті шақырым қашықтықта орналасқан бұл тарихи нысан IX-X ғасырларға жататын көне архитектуралық ескерткіштердің бірі саналады. Кесене – халқымыздың рухани құндылықтарының айқын белгісі әрі тарихи-мәдени мұралар қатарындағы маңызды орындардың бірі.
Аймақ басшысы кесенеде жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, нысан аумағын одан әрі абаттандыру, келушілерге қолайлы жағдай жасау және туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар тарихи орындардың тағылымдық мәнін насихаттау жұмыстары жүйелі жалғасуы қажет екенін атап өтті.
Бұдан кейін облыс әкімі Алғабас ауылындағы «Жер – Жомарт Д» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. 2014 жылы құрылған шаруашылық бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі құрылымдарының біріне айналған. Шаруашылық негізінен күріш және бау-бақша өнімдерін өсіруге маманданған.
Биыл шаруашылық 1256 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 214 гектарға күріш, 175 гектарға бау-бақша өнімдері, 80 гектарға жоңышқа егілген. Қазіргі таңда мұнда 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аймақ басшысы егін алқабында диқандармен кездесіп, аграрлық саланы дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, өнім көлемін арттыру және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шиелі кентіндегі «Руханият орталығында» аудан тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымды жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру, жол, ауыз су, электр желілері және әлеуметтік нысандардың жай-күйі талқыланды.
Кездесу барысында Мұрат Нәлқожаұлы елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда халықтың ауызбіршілігі мен аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын айтып, өңірдің дамуына бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Өз кезегінде аудан тұрғындары қолға алынған бастамаларға қолдау білдіріп, алдағы жоспарлардың нәтижелі болуына тілектестік танытты.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен Шиелі теміржол вокзалын аралады. 836 миллион теңгеге жаңғыртылған нысан бүгінде ауданның сәулетті ғимараттарының біріне айналған. Ғасырдан астам тарихы бар вокзал арқылы тәулігіне 200-ге жуық жолаушы қатынайды.
Жалпы ауданы 637 шаршы метрді құрайтын вокзал ғимаратында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи талаптарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімі нысанның сапалы орындалуына оң бағасын беріп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысында аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне аудан орталығы мен ауылдық елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында нақты міндеттер жүктеді.








