Шиелі ауданында энергетика саласын жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі табысты жүзеге асырылды. Аудан тұрғындарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие «Шиелі» қосалқы станциясында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан заманауи талаптарға толық сәйкестендірілді.
1964 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан бұл қосалқы станция – ауданның электр энергетикасы жүйесіндегі негізгі нысандардың бірі. Алпыс жылдан астам уақыт ішінде станция мыңдаған тұрғын мен әлеуметтік нысандарды, өндіріс орындарын жарықпен қамтамасыз етіп келеді. Уақыт талабына сәйкес тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту қажеттілігі туындап, нәтижесінде кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынған болатын.
Бүгінде Шиелі ауданы бойынша 19 мыңнан астам электр энергиясын тұтынушы тіркелген. Оның ішінде 17 мыңнан астамы – жеке тұлғалар болса, 1900-ден астамы – заңды тұлғалар. Халық санының өсуі, кәсіпкерлік нысандар мен өндіріс орындарының көбеюі электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты қосалқы станцияның қуаттылығын арттыру мен техникалық мүмкіндігін жетілдіру аса маңызды болды.
Жаңғырту жұмыстары барысында станциядағы ескі жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілді. Соның нәтижесінде электр энергиясын тарату жүйесінің сенімділігі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, жаңа құрылғылардың орнатылуы электр желілеріндегі апаттық жағдайлардың алдын алуға, энергия шығынын азайтуға және жүйенің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңартылған станция алдағы уақытта аудан тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірістік нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне де оң ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
Энергетика инфрақұрылымын жаңғырту – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. «Шиелі» қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары осы бағыттағы жүйелі бастамалардың нақты көрінісі болып отыр. Заманауи технологиялармен жабдықталған нысан ауданның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, болашақтағы электр қуатына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.








