Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесу өткізді. Мерекелік жиынға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген іскер әйелдер, батыр және ардагер аналар, сондай-ақ білім мен мәдениет, медицина саласының өкілдері қатысты.
Кездесуге сонымен қатар алдағы уақытта мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған оқушы қыздар мен ұстаздар арнайы шақырылды. Басқосудың басты мақсаты – жас буынға еңбек жолында табысқа жеткен аға буынның өмірлік тәжірибесін үлгі етіп, олардың тәлім-тәрбиесін насихаттау болды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі әйелдер қоғам өмірінде айрықша орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан әйелдерге қолдау көрсету, ана мен баланың денсаулығын қорғау бағытындағы бастамалар әрдайым назарда. Бұл жұмыстар аудан көлемінде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аудан басшысы табандылығы мен еңбегінің арқасында түрлі салада табысқа жеткен нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін айтып, отбасының берекесі мен ұйытқысы саналатын аналардың мәртебесі әрдайым жоғары екенін жеткізді.
Мерекелік кездесуде мәдениет саласының ардагері, әнші Базар Қостаева сөз алып, әйел-аналарға көрсетіліп жатқан құрметтің мәні мен маңызына тоқталды. Ол өзінің өмір жолынан сыр шертіп, аудан азаматтарының нәзік жандыларға деген ықыласына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Сонымен қатар аудандық көпбейінді орталық ауруханасының кардиолог дәрігері Әлия Мырзабаева, балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Ақшабақ Батимова және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қанағат Махамбетова сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдіріп, әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов те нәзік жандыларға жылы лебізін арнап, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Кездесу барысында өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Іс-шара соңында аудан әкімі әйелдер қауымына арнайы құттықтауын табыстап, сый-құрмет көрсетті.







