Еліміздің өндірістік-логистикалық саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған KAP Logistics жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. «Жасампаз 20 жыл. Жарқын белес» атты салтанатты кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, компанияның жүріп өткен жолы мен жеткен жетістіктері жан-жақты насихатталды.
Мерекелік шара қонақтарды қызыл кілеммен қарсы алудан басталды. Арнайы әзірленген фотозонада естелік суреттер түсіріліп, кәсіпорынның екі онжылдық тарихын қамтыған фотогалерея көпшілік назарына ұсынылды. Кештің шымылдығы компанияның құрылу кезеңдері, даму белестері мен өндірістік табыстарын бейнелейтін мазмұнды бейнероликпен ашылды.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз сөйлеген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мерейтой иелерін құттықтап, кәсіпорынның өңір экономикасын дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «KAP Logistics» серіктестігі өндірістік-логистикалық қызметті жүйелі жолға қойып, ел игілігі жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Айта кетейік, серіктестік 2006 жылдың 10 сәуірінде Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясының құрылымындағы уран өндіруші және сервистік кәсіпорындарға көліктік-логистикалық қызмет көрсету мақсатында құрылған. Бүгінде компания заманауи техникамен жабдықталған, қуатты өндірістік әлеуеті бар ірі ұйымдардың біріне айналып отыр.
Мерекелік кеш барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен компанияның бас директоры Дархан Рамазанов марапатталды. Сонымен қатар сала ардагерлері Бейсен Қыдырбай, Насыр Сүлейменов және Жылқайдар Машрапұлы, сондай-ақ «Шиелі-Сұңқар» филиалының директоры Даурен Досмағанбетов және өзге де мамандар еңбегі үшін лайықты құрметке ие болды.
Көлік саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлер де назардан тыс қалмады. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің «Құрметті автокөлікші» төсбелгісі Владимир Савкин мен Нұрлан Шопашев табысталса, «Үздік автокөлікші» атағы Жарқынбек Байкров пен Әли Барлыбаев иеленді.
Сондай-ақ мерейтойға орай арнайы дайындалған естелік төсбелгілер бірқатар қызметкерлерге табысталды. Олардың қатарында филиал директоры Даурен Досмағанбетов, директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Айжан Қайырбекова, өндіріс саласының үздік мамандары Алмас Ибраев, Махсуд Төлегенов, Айтжан Түлкібаев және Әлімжан Исмайлов бар.
Кеш барысында көп жылғы адал еңбегімен ерекшеленген қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Өз кезегінде компания басшысы Дархан Рамазанов үздік қызметкерлерге арнайы сый-сияпаттар табыстап, ұжым мүшелеріне ризашылығын білдірді.








