Қазақстанда биылдан бастап 23 сәуір – «Кітапханашылар күні» және «Ұлттық кітап күні» ретінде аталып өтуде. Осыған орай Сырдария аудандық «Руханият орталығында» «Кітапхана түні» жобасы ұйымдастырылып, тұрғындар мен тұрақты оқырмандар тағылымды кештің куәсі болды.
Іс-шараны орталық кітапхана ұжымы, басшысы Рүстембек Бәйділдаев жетекшілігімен жоғары деңгейде өткізді. Кештің алғашқы бөлімі қазақ әдебиетінің алыбы Абай Құнанбайұлы шығармашылығына арналды. Ұлы ойшылдың еңбектері мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы кеңінен таныстырылып, мектеп оқушылары әдеби көрініс қойды.
Кітапхана директоры Рүстембек Бәйділдаев өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, оның кітап оқу мәдениетін жаңғыртудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, «Кітапхана түні» – тек кітап таныстыру ғана емес, рухани орта қалыптастыратын маңызды алаң. Сондай-ақ жоба аясында ұлттық әдеби мұраны, әсіресе Абай шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау басты бағыттардың бірі екені айтылды.
Кеш барысында кітапханашы Ләззат Серікбаева Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Екінші бөлімде поэзия кеші ұйымдастырылып, жас оқырмандар Мұқағали Мақатаевтың және Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдерін оқыды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Сүйіндіков «Адам қойған атымнан айрылмаймын» өлеңін, ал Жанасыл Әбен «Тұр бұрышқа» туындысын мәнерлеп жеткізді.
Кештің маңызды бөліктерінің бірі – «Замандастар» ток-шоуы болды. Мұнда жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызыл сырнай» повесі талқыланып, кейіпкерлердің өмірі мен шығарманың идеялық мазмұны кеңінен сараланды.
Балалар кітапханасы да назардан тыс қалмай, бүлдіршіндерге арналған танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Олар ғарыш әлеміне саяхат жасап, балалар әдебиетімен танысты. Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысып, кітапхана қорындағы жаңа және құнды әдебиеттерге шолу жасады.
Шараның сәтті өтуіне кітапхана әдіскері Раушан Құлмахова бастаған ұжым мүшелері белсенді үлес қосты.
Кеш соңында тұрақты оқырмандар Мектепхан Елеусінов, Жадыра Әкімтаева, Гүлзат Оразалиева ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өз пікірлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, кешкі уақытта кітапханаға келіп, еркін форматтағы шараларға қатысу – оқырман үшін жаңа мүмкіндік.
Жалпы, «Кітапхана түні» жобасы – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Мұндай мазмұнды шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.








