Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны биылғы жылдың алғашқы тоқсанында тұрақты өсім көрсетіп, негізгі толық орындалуы қамтамасыз етілді. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында ауданның экономикалық дамуына қатысты нақты деректер ұсынылып, негізгі салалардағы өсім динамикасы сарапталды. Аудан басшысының айтуынша, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында өнеркәсіп саласы айтарлықтай серпін алған. Атап айтқанда, өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 25,7 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 есеге артқан. Бұл – өңірдегі өндірістік әлеуеттің күшейіп келе жатқанын айқын көрсетеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 3,5 млрд теңгені құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика қалыптасқан. Есепті кезеңде ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға ұлғайған. Бұл көрсеткіш аграрлық сектордың тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.
Инвестициялық белсенділік те назардан тыс қалған жоқ. Үш ай ішінде аудан экономикасына 16,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2 пайызды құрады. Мұндай өсім жаңа жобаларды іске асыруға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 4 969 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6 пайызға жеткен. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 4 793 млн теңгені құрап, 11,5 пайызға артқан.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі І тоқсанның нәтижелері бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің толық орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы кезеңде де белгіленген жоспарлардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, әр бағыт бойынша жүйелі бақылауды күшейту міндеті қойылды.
Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштер өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді. Алдағы уақытта осы қарқынды сақтап, жаңа даму белестеріне жету басты міндеттердің бірі болып қала бермек.







