Аудан орталығындағы «Руханият» орталығында Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерге арналған тағылымды кездесу өтті. Ауқымды іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, ардагерлерге құрмет көрсетті. Сонымен қатар жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, жастар мен тұрғындар жиналды.
Кездесу барысында аудан басшысы осыдан 40 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі ретінде тіркелген Чернобыль қасіретінің себеп-салдарына кеңінен тоқталды. Ол апаттың тек сол кезеңмен шектелмей, ұзақ жылдар бойы адам денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зиян келтіргенін атап өтті.
– Чернобыль апаты – адамзат үшін ауыр сабақ. Радиоактивті сәулеленудің салдары мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, табиғи экожүйеге орны толмас залал әкелді. Осындай сын сағатта өз өмірін қатерге тігіп, апаттың зардаптарын жоюға атсалысқан азаматтардың ерлігі өлшеусіз. Олар уақытпен санаспай, қауіптен тайсалмай, адамзат алдындағы парызын бәрінен биік қойды. Бұл – шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Чернобыль апатының салдарын жоюшылардың ерлігіне әрдайым жоғары баға беретінін атап өтіп, олардың жанқиярлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.
Аудан басшысының айтуынша, өңірден кезінде 43 азамат аталған апатты жою жұмыстарына қатысқан. Бүгінде олардың қатарында 12 ардагер ғана ортамызда. Осыған орай, олардың ерлігін ұлықтау және жас ұрпақтың санасына сіңіру – маңызды міндеттердің бірі екені ерекше атап өтілді.
Іс-шара барысында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерге арнайы төсбелгілер табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Бұл – олардың еңбегіне деген ел ықыласының белгісі болды.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, Чернобыль ардагерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл тарихи оқиға – ел жадында сақталуы тиіс маңызды кезеңдердің бірі.
Кездесу соңында ардагерлер өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Олар көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын айтып, мұндай тағылымды шаралардың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.
Тағылымы мол жиын ардагерлердің ерлігіне тағзым етіп қана қоймай, тарихтан сабақ алудың маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.







