Сырдария ауданында әйелдер қауымының қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды жиын өтті. Аудандық әйелдер кеңесінің кезекті алқа отырысы ұйымдастырылып, онда өткен жылдың қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар айқындалды.
Алқа отырысының күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды: 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері, алдағы кезеңге арналған алқа жұмысының жоспары және аудандық әйелдер кеңесінің болашақтағы қызмет бағыттары. Бұл мәселелер аясында қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейту, отбасы институтын нығайту және әлеуметтік бастамаларды дамыту бағыттары кеңінен сөз болды.
Жиында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысу белсенділігінің артқанын, түрлі әлеуметтік жобалар мен бастамалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Сонымен қатар, қол жеткізілген нәтижелермен қатар, әлі де шешімін табуды қажет ететін мәселелер мен алдағы міндеттерді нақтылап берді.
Отырыста аудандық әжелер алқасының төрайымы Ұлмекен Шанайқызы да сөз алып, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және отбасылық тәрбие мәселелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі ең алдымен отбасының беріктігіне байланысты.
Жиын барысында ауылдық округтердің әйелдер кеңесінің төрайымдары мен алқа мүшелері де өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікке тарту және жастар тәрбиесі мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде нақты әрі тиімді шешімдер қабылдауға жол ашты.
Алқа отырысының қорытындысында алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалып, нақты міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, әйелдердің қоғамдағы рөлін одан әрі арттыру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, отбасы құндылықтарын нығайту және әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде іске асыру бағыттары негізгі назарда болады.
Сырдария ауданындағы бұл жиын – әйелдер белсенділігін арттыру арқылы қоғамның тұрақты дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі. Әйелдер қауымының бастамалары мен белсенділігі алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.







