«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков кент аумағындағы бірқатар сауда нысандарын аралап, олардың санитарлық жағдайы мен абаттандыру деңгейін тексерді. Аралау барысында жауапты сала басшылары да қатысты.
Тексеру барысында «Береке» сауда орталығы, «Әбдіманап» базары, орталық сапаржай мен теміржол вокзалы маңындағы кәсіпкерлік нысандардың жай-күйіне назар аударылды. Әсіресе, халық көп шоғырланатын бұл орындардағы тазалық, тәртіп және қауіпсіздік талаптарының сақталуы басты назарға алынды.
Аудан басшысы сауда орындарының санитарлық жағдайы жоғары деңгейде болуы тиіс екенін атап өтіп, базар әкімшіліктеріне бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, аумақтың ішкі және сыртқы тазалығын тұрақты сақтау, қоқысты дер кезінде шығару, сауда орындарын талапқа сай ұстау қажеттігі қатаң ескертілді. Сонымен қатар, сатушылар мен келушілер үшін қолайлы жағдай жасап, санитарлық-гигиеналық нормаларды жүйелі түрде сақтау тапсырылды.
Аралау барысында төтенше жағдайлар қызметіне өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласына сауда нысандарындағы тазалық деңгейін күшейтіп, жүйелі мониторинг жүргізу тапсырылды.
Бұдан бөлек, полиция қызметіне базар маңындағы көшелерде көлік қозғалысын реттеп, кептелістің алдын алу жүктелді. Ал жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлік саласына кәсіпкерлермен бірлесіп, нысандардың сыртқы келбетін жақсарту, тозығы жеткен жарнамаларды жаңарту, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізу және жалпы аумақты абаттандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл нысандар тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, өзге өңірлерден келетін қонақтар үшін де маңызды қоғамдық кеңістік екенін атап өтті. Осыған байланысты тазалық, тәртіп және қауіпсіздік талаптары әрдайым жоғары деңгейде сақталуы тиіс екені қатаң ескертілді.







