Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жазғы маусым қарсаңында балалардың демалысын ұйымдастыру бағытындағы маңызды нысандардың бірі – «Жалын» сауықтыру лагерінің дайындығымен танысты. Жұмыс барысында лагерь аумағында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы жан-жақты зерделеніп, жауапты мамандардың есебі тыңдалды.
Бүгінде лагерьде кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, ғимараттарға жөндеу жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылым жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сонымен қатар балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті жағдайлар қарастырылып жатыр. Демалыс орындарының ішкі және сыртқы келбеті заман талаптарына сай ретке келтірілуде.
Аудан басшысы нысанды аралау барысында ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мәселесіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, жазғы тынығу маусымында әрбір бала өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі тиіс. Осыған байланысты мердігер ұйымдарға құрылыс және жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті жүктелді.
Сондай-ақ, санитарлық талаптардың сақталуы да басты назарда екені атап өтілді. Лагерь аумағында тазалық пен тәртіптің қатаң сақталуы – балалардың денсаулығын қорғаудың негізгі кепілі. Осы ретте сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жауапкершілік күшейтілетіні жеткізілді.
Жалпы, «Жалын» сауықтыру лагерін жаңа маусымға толық дайын күйде тапсыру – аудан басшылығының басты міндеттерінің бірі. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы тұрақты бақылауда болады.








